ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Стелс-Омикрон» штамының айналымын анықтады
- Қаралды: 903
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы штамдарының айналымына мониторинг жүргізуді жалғастыруда.
Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілген ПТР скринингтің қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясы штамдарының түрлі нұсқаларының айналымы анықталды. Барлық өңірлерде BA.1 «Омикрон» штамы 98,6 %-да анықталды, оның ішінде 12 өңірде BA.2 «Стелс-Омикрон» штамы 36,7%-да анықталды.
Сондай-ақ, B. 1.617-like Delta штамы айналымда жүр және зерттелетін сынамалар санының 1,4%-ын құрайды.
ПТР скрининг нәтижелерін растау үшін толық геномдық секвенирлеу жүргізіледі, ол ағымдағы айдың соңына қарай аяқталады.
Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанына қарамастан, Министрлік коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияны, ревакцинацияны уақтылы жүргізуді ұсынады.
6 ай бұрын және одан да көп уақыт бұрын вакцинация курсын алған адамдар ревакцинациялауға жататынын естеріңізге саламыз.
Қазіргі уақытта Қазақстанда КВИ-ға қарсы вакцинациялау және ревакцинациялау үшін халыққа вакциналардың 3 түрі (Пфайзер, Синофарм және КазВак) қолжетімді, олардың 2-уін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған.