Пациент міндеттері
ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ТУРАЛЫ
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ Кодексі.
135-бап. Пациенттердің міндеттері
- Пациент осы Кодекстің 12-тарауында көрсетілген міндеттерден басқа:
1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;
2) медицина қызметкерлерімен қатынаста құрмет пен сабырлық танытуға;
3) ауруға диагноз қою және оны емдеу үшін қажетті барлық ақпаратты дәрігерге хабарлауға; медициналық араласуға келісім бергеннен кейін медицина қызметкерлерінің тағайындауын мүлтіксіз орындауға;
4) медициналық көмек алу кезінде медициналық ұйымның ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медицина персоналымен ынтымақтастықта болуға;
5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік туындаған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлеріне уақтылы хабарлауға;
6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын әрекеттер жасамауға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
- Пациенттердің осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген міндеттері стационарда ауру балаға күтімді тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.